Үкімет жұмыс күшіне қатысты жекелеген басым инвестициялық жобаларға арналған квотаны белгілейтін болады
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдқалықова осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасында ішкі еңбек нарығының негізгі қағидаттарын қамтамсыз ету мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, сыртқы еңбек көші-қонының жаңа тәсілдері ұсынылады. «Үкіметке шетелдік жұмыс күшін тартудың жалпы квотасынан бөлек жекелеген басым инвестициялық жобаларға арналған квота, еңбек көшіп-қонушыларының шыққан еліне байланысты квотаны белгілеу құқығы беріледі. Сонымен қатар, маусымдық шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру көзделеді. Заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында маусымдық жұмыс атқаратын шетелдіктердің мәртебесін реттеу арнайы заң қабылдау арқылы қарастырылып, көшіп келушілердің жекелеген санаттары бойынша 5 жылда бір рет арнайы заңдастыру акциясын жүргізу көзделген», - дейді министр Г. Әбдіқалықова.
Бұдан бөлек, құжаттағы ішкі көші-қонды реттеу мәселелерінде тұңғыш рет үкімет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдауды көрсете отырып, ішкі көші-қон квотасын белгілеу құқығы қарастырылған.