Үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жобасын мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысы барысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жобасы мақұлданды.
Аталған құжат жобасын таныстырған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жобасының Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, білікті жұмысшылардың жұмыс орындарын сақтау үшін жобада өндіріс көлемі немесе өнім бағасы төмендегенде ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жұмыс уақытының қысқарғаны үшін жұмысшылардың жалақысының бір бөлігін уақытша субсидиялау механизмін енгізу көзделген.
«Уақытша субсидиялау білікті жұмысшының жұмыс уақытының қысқаруына орай жоғалтқан жалақысының үштен екі көлемінде ұсынылып отыр. Бұл ретте өнеркәсіп кәсіпорны келесі шарттардың біріне сай болуы тиіс: қала құраушы кәсіпорын болуы тиіс; экспортқа шығарылатын тауарының үлесі аталған кәсіпорын өндіретін тауларлардың жалпы көлемінің 30 пайызынан кем болмауы қажет; ішкі нарыққа жеткізетін тауарының үлесі облыстық көлемнен 30 пайыздан, дәл сол тауарларды республикалық көлемнен 10 пайызға кем болмауы керек», - деді министр.