Үкімет жылу беру маусымының қорытындысын саралайды

«Ертең, 30 сәуірде Қазақстан Үкіметінің дәстүрлі отырысында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының қорытындылары мен қазіргі ахуалы қарастырылмақ. Сонымен қатар, жылу беру маусымы қорытындыланады», - деп атап өтті ресми өкіл.
Оның айтуынша, отырыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу барысы жайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев пен «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасайды.
Айта кету керек, Ә.Исекешев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуы жайында сол күні, яғни 30 сәуірде Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер қауымына арнап баспасөз мәслихатын өткізеді.
Сондай-ақ, 2 мамырда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барады. Ал 30 сәуірде Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев пен Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының Біріккен халықаралық комиссиясында аккредитациялау рәсіміне қатысады.