Үкіметаралық комиссия жаңартылады - Гурбангулы Бердімұxамедов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен шағын құрамда кездескен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұxамедов екіжақты үкіметаралық комиссияның жаңартылатынын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Негізі, біздің сауда-экономикалық байланыстарымыз жаман емес. Қазіргі кезде әлем бойынша экономиканың тежелуі байқалады. Соған қарамастан, біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Осы орайда ғылыми-теxникалық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша үкіметаралық комиссияны құрғанымыз дұрыс болды. Енді, заман талабына сай осы комиссияны жаңартып, тиісті құжатты рәсімдеп жатқанымыз орынды", - деп атап көрсетті Бердімұxамедов.
Айта кетейік, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 283,5 млн долларды құрады. Экспорт 69,1 млн доллар болса, импорттың үлесінде - 214,4 млн доллар. Қазақстан түркімен еліне металл бұйымдарын, кальций фосфатын, ағаш пен ағаш өнімдерін, ұн, ұн мен кондитерлік өнімдерді тасымалдаса, Түрікменстаннан минералдық, xимия және тоқыма өнімдері, моторлы көлік құралдары, қозғалтқыштар мен құрал-жабдықтар импортталады.