Үкіметке дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені талдап-зерттеу жүктелді
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін, егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау, болмаса азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені талдап-зерттесін.
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы жөніндегі 14-шы тапсырмасында айтылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз тапсырмасында Үкіметке 2012 жылдың аяғына дейін, емдік құралдарды пайдалануға қатысты тұрғындардың хабардарлығы деңгейін арттырудың пәрменді тетіктерін енгізуді жүктеді.
«Әрбір қазақстандық саламатты өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Бұл - өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек»,- деді ҚР Президенті.