Үкіметке елдегі жоғары оқу орындарын инновациялық қызметке ауыстырудың тетіктерін ойластыру қажет - Президент
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі жоғары оқу орындарын инновациялық қызметке ауыстырудың тетіктерін ойластыруды тапсырды. Елбасы бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа Жолдауында мәлім етті.
«Мен Үкіметке жаңа білім беру саласын қолдау мен оның сапасын арттыру мақсатында қаржы-экономикалық құралдарды енгізіп, техникалық және жоғары деңгейдегі білім берудің қолжетімділігін кеңейтіп, жинақтау жүйесін қалыптастыруды тапсырамын. Жинақтау жүйесін біздің қазіргі таңдағы ипотекалық құрылыс бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» жүйе бойынша қалыптастырған жөн. Біздің азаматтарымызға балаларының білім алулары үшін мемлекеттен пайыздық бонустар алу арқылы қаржы жинау мүмкіндігі жасалуы тиіс», - деді Президент.
Елбасы сонымен қатар сөзінде университеттік білім беру мен ғылым дамуының жаңа деңгейін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті. «Назарбаев университеті базасының негізінде нарық талаптарына бейімделген жоғары оқу орындарының жаңа үлгісі қалыптасады. Ол өзге қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі болады», - деп атап өткен Мемлекет басшысы еліміздегі ғылыми атақтарды беру жүйесін сынға алды.
«Екі жүзден астам ғылыми кеңестер кандидаттарды топ-тобымен шығаруда. Ал ғылым докторлары біздің арамызда да жеткілікті. Шын мәнінде ғылым саласына 60 кандидат пен 37 доктордың біреуі ғана қызмет етеді. Бұл кімге және не үшін қажет?. Биылғы жылдан бастап бұл ғылыми кеңестердің қызметі тоқтатылады. Енді PhD магистрлері мен докторлары дайындалады», - деді Мемлекет басшысы.