Үкіметке жергілікті әкімдіктерден келген жаңа қызметкерлер өңірлердің деңгейін жоғарылатуға ықпал етеді - Н. Назарбаев

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкіметке жергілікті әкімдіктерден келген жаңа қызметкерлер өңірлердің деңгейін жоғарылатуға ықпал етеді.

Үкіметке жергілікті әкімдіктерден келген жаңа қызметкерлер өңірлердің деңгейін жоғарылатуға ықпал етеді - Н. Назарбаев

Бұл туралы бүгін кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Бүгін мен халыққа Жолдауымды жарияладым. Парламенттің сайлауы өтті. «Нұр Отан» партиясына дауыс беріп халық біздің бағдаламалар мен атқарған шаруаны қолдап шықты. Енді ары қарай жұмыс істеу керек»,-деді Мемлекет басшысы.

«Біз алдағы әлемдік қаржы дағдарысының екінші толқыны жайында айтқан болатынбыз. Оны еңсеруге дайын болуымыз шарт. Үкімет бұл мәселелерді жоспарлы шешуі тиіс. Осыған дейінгі дағдарысты оңтайлы еңсерген болсақ, енді алдағы дағарысқа да уақытылы дайындаламыз деп үміттенемін»,-деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы осы  сайлаудан кейін Үкімет жаңадан тағайындалғанын, бірқатар министрлер мен әкімдер ауысқанын жеткізді. «Жергілікті әкімдіктердің кейбір басшылары Үкіметке қызметке келді. Олар жергілікті аймақтарда жинақтаған тәжірибелері мен білімдерін алып келді деп санауға болады. Жалпы жергілікті жағдайды білетін адамдар жұмысқа келді. Сонымен, Үкіметтің жұмыс істеуіне, әкімдіктердің жұмысының деңгейін жоғарылатуға ықпал жасайды деп ойлаймын»,-деп тоқталды Президент.

Бұл тұрғыда Н. Назарбаев, жаңадан тағайындалған Үкімет мүшелері мен әкімдерге құттықтауын жеткізді.

«Жұмыстарың жемісті болсын және жүктеліп отырған сенімді орындау керек»,-деп түйіндеді Елбасы.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа тағайындаулар аясында Үкімет құрамына Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Серік Ахметов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып, ал Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев Экономикалық даму және сауда министрі болып бекітілді.