12:11, 14 Шілде 2022 | GMT +5
Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралау тапсырылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, құрылыс қарқынды жүрген кезде битум бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттап шыға келеді.
«Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.