Үкіметке жүктелген тапсырмалардың өзегі қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы республикалық бюджетті нақтылау мәселесіне назар аударып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізуді жүктеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне Үкіметке жүктелген тапсырмалардың атқарылуын бақылауды қамтамасыз етуді міндеттеді. Жиын соңында Елбасы басқа мемлекеттерде дәл Қазақстандағыдай дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынбағанын, бұған көптеген мемлекеттердің күші де жетпей отырғанын атап өтті.
«Көптеген мемлекеттер күрделі жағдайды бастан кешіп отыр, әлеуметтік шығыстарын қысқартуға мәжбүр болып, қолға алынған жобаларды тоқтатып жатыр. Соның салдарынан көптеген елдерде жұмыссыздық өршіп тұр. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастыратн боламыз, жаңа нарықтар да ашылады. Жалпы алғанда біздің дағдарысқа қарсы экономикалық саясат экономикалық өсімнің жаңа көздерін ашу мен иеленуге ғана бағытталып отырған жоқ. Менің барлық тапсырмаларымның өзегі - қарапайым халықтың ділгерлігінен шығып, жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақтылыққа негізделеді», - деді Президент.
Жиын барысында 2015 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. Ал 2015 жылғы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ақша-кредиттік саясат туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады.