Үкіметте Ақтау теңіз портын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақтау теңіз портын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске қатысушылар Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын әрі қарай іске асыру жайын талқылады.Премьер-Министр жобаны іске асырудың барысы туралы, мұнай-газ саласы мен өнеркәсіптің дамуына байланысты болашақтағы жүк тасымалының артуы туралы хабарламаларды тыңдады.Кеңес барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның портты дамыту жөніндегі жобаларға қатысуы туралы мәселе де талқыланды.Премьер-Министр Ақтау теңіз портын дамыту жоспарын қазақстандық үлесті арттырудың және мұнай-газ саласының даму болашағын, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырудың қажеттілігін есепке ала отырып, түзетуді тапсырды.