Үкіметте азық-түлік бағасына қатысты мәселелер талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру шаралары талқыланды.
None
None

Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсті. Маусым айында баға өсіміне әсер еткен негізгі себеп - жаңа өнімнің қымбаттығы, бұл әр жылдың екінші тоқсанында өнім қорларының әдеттегідей азаюына байланысты туындайтыны белгілі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты жағдайды баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы бес жылдағы талдау бойынша баға өсіміне негізінен картоп, пияз, сәбіз және орамжапырақ жиі ұшырайды. «Ресми статистика мәліметтеріне сәйкес, маусымның соңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басына қарағанда 7 процентке ұлғайды. Ағымдағы жыл басынан бері пияз - 81,1%-ке, картоп - 74,9%-ке, орамжапырақ - 61,2%-ке, сәбіз - 38,1%-ке, сиыр еті - 10,7%-ке өскені байқалады», деді министр. Сондай-ақ баға өзгерісіне бензиннің, дизельдік отынның, коммуналдық тарифтердің - газбен жабдықтау, жылу, электр энергиясы құнының өсуі әсер еткен. Осыған байланысты, тұтастай алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысы 2017 жылға арналған міндетті дәліздегі инфляцияны тежеу бойынша жедел шаралар қабылдауға бағытталып отыр.

Тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов келтірген деректерге сәйкес, маусымда өнім өндірушілердің бағасы бойынша пияздың килограмы - 34 теңге болса, бөлшек бағада - 131 теңге, яғни, 4 есе қымбат болған. Картоп бағасы - 49 теңге болса, бөлшек бағада - 162 теңге, яғни, 3,3 есе қымбат. Сондай-ақ, орамжапырақтың килограмы - 39 теңге, ал ол 129 теңгеден, 3,3 есеге қымбатқа сатылады. Ал 44 теңгенің сәбізін қарапайым халық 133 теңгеге, 3 есе қымбат бағамен алуға мәжбүр. «Осылайша, біз аталған тауарлар бағасының өсуі оларды өндіру құнының емес, сауда делдалдарының спекулятивтік әрекетінің нәтижесінде болып отырғандығын көреміз», деген бірінші вице-министр, Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне әкімдіктермен бірлесіп сауда саласындағы бағаның негізсіз өсіміне қатысты белсенді шаралар қабылдау қажет екендігін айтты.

Бүгінде пияз, картоп, орамжапырақ, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстау үшін әрбір облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Оған жыл сайын аталған тауарлардың бір бөлігі сатып алынады да, тапшылық кезінде арзан бағамен нарыққа шығарылады. Осылайша, бағаны қымбаттатпауға мүмкіндік бар. Алайда тұрақтандыру қорларына жауапты азаматтар азық-түлік ақшасын депозиттерде айналдырып жүр. Ал әкімдіктер картоп пен орамжапырақ бағасының өскенін Өзбекстанға тасымалданатын өнімнің артуымен түсіндіріп отыр. «Біздіңше, ол басты себеп емес. Әкімдіктер өткен жылдың өнімі есебінен тұрақтандыру қорларына азық-түлікті көптеп сатып алғанда қазіргі жағдай туындамас еді.

Біздің зерттеуімізге сәйкес, азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қорларына тиісті деңгейде сатып алынбайды. Соның салдарынан дәл сол тауарлардың бағасы көтеріледі. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларына сатып алынған картоптың үлесі 16 пайызды құраса, пияз 7 пайызды, ал қырыққабат 5-ақ пайызды құрап отыр», деді Қ.Айтуғанов. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыру жағынан Қызылорда (48%), Жамбыл (12%) мен Ақтөбе (10%) оқ бойы озық келеді. Қалған облыстарда азық-түлік өнімдері аз көлемде сатып алынған. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бөлінген ақшаны банк есеп-шоттары мен депозиттерінде ұстап келеді.

Отырыста Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдері өңірлердегі жағдай бойынша есеп берді. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндіктер барын атап көрсетті.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар