Үкіметте өзекті мәселелер қаралды

Үкімет отырысында денсаулық саласына қатысты мәселелер қаралған болатын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру мен оған ақпараттық технологияларды енгізу туралы баяндады. Оның мәліметі бойынша, қазіргі таңда онлайн-режимде статистикалық ақпаратты жинау мен денсаулық сақтау саласын қаржыландырумен қамтамасыз етуге арналған 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерді біріктіріп, деректердің біртұтас сақтау орны мен кіретін бірыңғай орынды құру үшін биылғы жылдың соңында пилоттық режимде интероперабелдік платформасы іске қосылатын болады. Жыл соңына дейін барлық медицина ұйымдары ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі, яғни бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай халықты денсаулықтың электонды төлқұжатымен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Осы ретте ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысандарын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселерінде және пошталық байланыс бөлімшелерінде жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес береді. «Электронды үкімет» порталында, сонымен қатар қоғамдық қолжетімділік пунктері арқылы онлайн режимде әлеуметтік статусты анықтауға болады.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өңірлер әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді, техниканың сервистік қызмет көрсетуі мен оның интернетке қосылуын ретке келтіру жағын бақылауды тапсырды. Осыған орай, Ақпарат және коммуникациялар, Денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық жүйелердің бірлесу жұмыстарын биылғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтап, оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Келесі әлеуметтік мәселе - дәрі-дәрмектердің бағаларын мемлекеттік реттеу жөнінде баяндаған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде дәріxаналар препараттарды қандай бағамен сататынын өздері шешеді. Осының салдарынан бір қалада орналасқан дәріxаналардың баға айырмашылығы 20 процентке дейін жетеді. Ал нақты бір дәрі-дәрмектің тапшылығы туындаса, үстеме баға 200 процентке дейін өсіп кетеді. Осы ретте министр елімізде медициналық препараттардың шекті бағасын енгізу тұжырымдамасы талқыға салынып, оған отандық кәсіпорындар да қатысатынын, сөйтіп, ортақ шешімге келу қажеттігін айтты.
Талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаев сөз сөйледі.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен және фармацевтикалық қоғаммен бірге дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және қалыптастыру тетіктері мәселелерін жете пысықтауды тапсырды.