Үкіметте селекторлық отырыс өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов селекторлық режімде отырыс өткізді. Онда 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру барысы қаралды.
Бағдарлама аясында тұрғын үй салу, жеке баспана құрылысына қажетті коммуникациялық инфрақұрылымды тарту, жаңа мектептер мен балабақшалар тұрғызу және тағы басқа шаралар қарастырылғаны белгілі. Алайда, бүгінде жергілікті жерде қаражатты игеру жөніндегі конкурстық жұмыстар баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан бағдарламаға бөлінген қыруар қаржы толық игерілмеген.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайыновтың хабарлауынша, Ұлттық қордан «Нұрлы Жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты игеру жұмыстары баяу жүргізіліп келеді. Сол себепті қаржыны толығымен игеру үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті әкімдіктер тиісті конкурстық рәсімдерді жылдамдатып, ақшаны уақытында игеруді қамтамасыз етуі керек.
Бүгінде барлық облыстарда «Нұрлы Жол» бағдарламасының қаражаты уақтылы игерілмегені байқалып отыр. Вице-министрдің мәліметінше, қаражатты игермеу ШҚО-да - 86,3 пайыз, ОҚО-да - 61,7 пайыз, Қарағанды облысында - 95,1 пайыз, Павлодар облысында - 70,7 пайыз, Қызылорда облысында - 61,3 пайыз.
Қаржының тиімді әрі дер кезінде игерілуін Үкімет басшысы бақылуда ұстайтынын айтты. «Әкімдердің назарын бөлінген қаржының толық және уақтылы игерілуі мәселесіне аударамын. Бұл әкімдердің және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жекелей жауапкершілігі», деді Кәрім Мәсімов.
«Бәйтерек» АҚ пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-қа келісімшарт жасалған қаражаттың игерілуін және жоспарланған тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді қамтамасыз ету жүктелді. Астана мен Алматы қалаларының, облыс әкімдеріне білім беру нысандары құрылысына арналған қаржының дер кезінде және тиісті деңгейде игерілуін, сондай-ақ, оларды пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінген қаржының игерілуіне апта сайын мониторинг жүргізіп, ай сайынғы негізде атқарылған жұмыс тұрғысында Ұлттық экономика министрлігін ақпараттандыруы тиіс.
Үкімет отырысында, сондай-ақ, астық жинау жұмыстарына дайындық мәселесі талқыланды. Аймақтардағы жиын-терім жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Айтуғанов есеп берді. Аймақтардағы астық жинау науқанының барысы жайлы баяндаған вице-министр 9 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарындағы облыстарда 703,2 мың га алқаптан 1 539,3 мың тонна астық жиналған. Астық дақылдарының орташа түсімділігі бір гектардан 21,9 центнерді құрады, бұл алдыңғы жылдардағы сәйкес көрсеткіштерден 4,7 ц/га артық.
Қ.Айтуғанов айтып өткендей, тамыз айының басына жалпы егіс ауданы 5,1 млн. га болатын 2 567 АӨК субъектілерінен 58,9 млрд. теңге сомаға 1 853 өтінім қаржыландырылды. Техника мен астық қабылдау пункттері жаппай астық жинауға және қабылдауға дайын.
Вице-министрдің мәліметінше, күзгі дала жұмыстарын тиісті жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бюджет қаражаты және ҚазАгро Ұлттық холдингінің қаржы институттарының қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша шаралар қабылдады.
Энергетика министрлігімен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бекітілген мұнай өңдеу зауыттары үшін облыстарды бекітіп беру кестесі бойынша облыстардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін жоспарланған 391,6 мың тонна көлемінде дизель отынын жеткізу жүзеге асырылып жатыр. Өңірлердегі дизель отынының 1 литрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орта есеппен 92 теңгені құрайды (жанармай стансаларында 1 литрі 108 теңге), бұл нарықтық бағадан 15 %-ға арзан.
Бұдан басқа, энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктерімен ағымдағы жылғы егістің астығын уақтылы кептіру үшін дизель отынының қосымша көлемімен қамтамасыз ету жөнінде мәселе пысықталуда.
Мәселеге орай Үкімет басшысы науқанды өз деңгейінде өткізуді ерекше атап, министрлік пен әкімдіктерге мәселені назарда ұстауды тапсырды.
«Барлығы астық жинау науқанын бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда кеңес өткізіп, жұмыс топтарын жинап, баяндаңыздар, қазір пісіп жатқан әлеуеті зор астықты жинап, сақтап және тұтынушыға жеткізуіміз керек», деді Премьер-Министр.
К.Мәсімов Энергетика министрлігіне облыстарға дизель отынын уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуді және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ағымдағы жылғы егістің астығын дер кезінде кептіруді жүргізу үшін дизель отынының қосымша көлемімен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.