21:20, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкіметте тұрғын үй нарығын тұрақтандыру мәселелері қаралды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ө.Шөкеевтің төрағалығымен тұрғын үй нарығын тұрақтандыру мәселелері жөнінде кезекті кеңес болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кеңеске министрліктер, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің басшылары, жүйеқұраушы банктердің, қаржыгерлердің және «Қазақстан құрылыс салушылар» қауымдастығының, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ өкілдері және басқалар қатысты.Кеңесте жүйелі мәселелермен бірге, жекелеген нысандардың құрылыс барысы қаралды.Жүйелі мәселелердің арасында бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ екінші деңгейлі банктермен Үкіметтің тұрақтандыру бағдарламасын іске асыруға банктердің қатысуы туралы және тұрғын үй құрылысы үдерісіне тұрғындардың сенімін арттыру мәселесі айырықша маңызды болып табылады.Кеңесте келісімшарт жобасына қатысты негізгі келіспеушілік еңсеріліп, Премьер-Министрдің орынбасары қысқа мерзімде қол қою үшін жобаны әзірлеу тапсырылды.Тұрғындардың құрылыс салушыларға сенімін арттыру мәселесі бойынша, бұрын хабарлағанымыздай, қаңтардың 29-ында Алматы қаласында осы тақылеттес кеңесте құрылыстың аяқталмай қалу жағдайында жаңа сатып алушылар тәуекелділігін сақтандыру қажеттілігі атап өтілген. Сақтандыру тетіктері бүгінгі кеңесте әрі қарай жалғасып, оның қорытындысы бойынша Қазақстан нарығында сәтті қолданылып жүрген құрылыс салушылар нысанның құрылысын аяқтамаған жағдайда үлескерлердің жарналарын қайтаруға кепілдік беру жүйесі әзірленді.«Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ басқарушы директоры Қайрат Әйтекенов бастаған жеке топқа бір апта мерзім ішінде аталған кестені қалыптастыру және қажетті құжаттарды дайындау тапсырылды. Сонымен бірге, «БиАйГрупп» компаниясы және «Қазкоммерцбанк» АҚ қалыптастыратын «босатылған баға бойынша тұрғын үйді сатып алу» тетігі бойынша тұрғын үйді сатып алатын бірінші сатып алушылар пулына осындай кепілдік беріледі.Сондай-ақ, кеңесте Астана қаласы әкімдігі мен Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетіне бақылау міндеті жүктелген жекелеген нысандардың құрылысы барысы қаралды.