Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының сапасы әлі де жақсартуды қажет етеді - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының сапасы әлі де жақсартуды қажет етеді. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында, Парламенттің төртінші сессиясының жабылуы барысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті.

Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының сапасы әлі де жақсартуды қажет етеді  - Мәжіліс Төрағасы

Сөз арасында О. Мұхамеджанов заң шығару үдерісінде Үкіметпен ұдайы бірге жұмыс істейтіндіктен қарым-қатынастың сындарды сипатта болуына назар аударылатынын жеткізді. Дегенмен, Төраға бұндай бірлескен жұмыста шешімін таппай келе жатқан мәселелердің аз емес екендігін де атап өтті. «Мысалы, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылғанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүр болып отырмыз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше рәсімделмейді. Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкіметтен түскен 130 заң жобасының 72-і немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде тіркелмей, кері қайтарылды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады», - деді О. Мұхамеджанов. Сонымен бірге, спикер салық кодексіне жиі және көптеп өзгеріс енгізу практикасының тұрақты үрдіске айналғанына қобалжу білдірді. «Мәселен, 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетті түзетуге байланысты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобасын қарау кезінде Мәжіліс депутаттары оның бюджет процесіне мүлдем қатысы жоқ бөлігін алып тастады», - деді Мәжіліс Төрағасы.