Үкіметтік емес ұйымдар да Мəжіліс үндеуін қолдайды - А.Шəуеев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Үкіметтік емес ұйымдар да ҚР Парламент Мəжілісінің өз өкілеттілігін мерзімнен бұрын тоқтатып, жаңа парламент сайлауын өткізу туралы үндеуді қолдайды. «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» үкіметтік емес ұйымының директоры Азат Шəуеев осындай пікір білдірді.
«Парламент Мәжілісіндегі үш партия фракцияларының Елбасына жасаған ұсынысын өз басым жеке Қазақстанның қатардағы азаматы ретінде де, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілі ретінде де қолдаймын. Қазақстандағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығы қолдайды деп ойлаймын. Жас мемлекетіміз үшін тарихи кезең болып отыр. Өйткені, қазір әлемді экономикалық дағдарыс, геосаяси түрлі кикілжіңдер шарпып жатыр. Осы экономикалық дағдарысқа тойтарыс беру мақсатында мерзімнен бұрын парламенттік сайлау өткізгеніміз жөн болады»,-дейді А.Шəуеев.
Қор директоры атап өткендей, қазір жұмыс істеп жатқан Мәжіліс өзінің тарихи міндетін абыроймен атқарып шықты.
«Себебі, Мемлекет басшысының бес институттық реформасын, елімізді жаңартуды жүзеге асыруға қажетті заңдар жасап берді. Сонымен қатар, əлемдік экономикалық дағдарыстың алдын алатын түрлі шаралар бекітті. Сондықтан, менің ойымша, жаңа жұмысты, жаңа белесті бағындыру үшін парламенттің бойына қан жүгірсе, Ұлт жоспарындағы жаңа міндеттерді біз де мойнымызға алсақ дейтін жаңа партиялар келсе, экономикалық дағдарысқа тойтарыс бере аламыз. Ал, парламенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуден не ұтамыз десек, ең біріншіден, бұл ұсынысты Елбасы өзі саралап, шешімін айтары анық. Егер де Мемлекет басшысы қазіргі Парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы тапсырма берсе, ең алдымен ұтарымыз - 5 институттық реформаны күн кешіктірмей практикалық тұрғыда іске асыра бастаймыз. Екіншіден, бюджеттің қаржысын үнемдейміз, себебі, мəжіліс сайлауымен қатар, мəслихат сайлауын өткізу ұсынылып отыр. Үшіншіден, əлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның жедел шешім қабылдайтын, дамушы ел екенін дəлелдей түсеміз»,-деп атап өтті А.Шəуеев.