Үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына оң бағаларын берді

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына оң бағаларын берді. Бүгін Алматыда басталған үкіметтік емес ұйымдардың форумында осымен қатар төрағалық қорытындылары да талқыланды.

Үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына оң бағаларын берді

ҮЕҰ өкілдерінің айтуынша, ЕҚЫҰ төрағалығы тұсында Қазақстан құқық қорғау саласында бірқатар өзгерістерге қол жеткізді. Форумда бұнымен қатар азаматтардың құқығын қорғауды арттыру бағытында құқық қорғау саласындағы ҮЕҰ қызметін дамыту, заңдардың дұрыс жұмыс істеуі де сөз болды.

«Форумның басты мақсаты - ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында ҮЕҰ мен мемлекеттік, заң шығарушы, құқық қорғау органдарының өкілдерімен ЕҚЫҰ төрағалығы кезінде жүзеге асырылған құқықтық өзгерістерге шолу жасау, ұсыныстарды Үкімет, Парламент назарына ұсыну және сол бойынша бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру»,-дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.

ҮЕҰ өкілдері Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығының жемісті болғандығын атап өтті. «Қазақстан төрағалық кезінде көздеген мақсаттарының бәрін табысты түрде жүзеге асырды. Бұған жаһандық қауымдастықтың тұс-тұсынан айтылған пікірлер куә. Алдағы саммит те Қазақстан төрағалығының сәтті өткендігінің белгісі» дейді азаматтық қоғам өкілдері.