Үкіметтік емес ұйымдар туралы жаңа заң осы саланың дамуына еш кедергі келтірмейді

Бұл туралы бүгін «ҮЕҰ-лардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есеп беруі» деген тақырыпта өткен "Қазақстан -2050" жалпыұлттық қозғалысының Сарапшылар клубының ІХ отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Василий Порубаймех мәлім етті.
«Қазан айының басында бірқатар құқық қорғау ұйымдары Президентке «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға тыйым салу туралы өтініш білдірген болатын. Себебі, ол өзгерістер елдегі ҮЕҰ-лардың қызметіне кесірін тигізеді деген өтініш беруші тараптар. Ол өзгерістердің арасында ҮЕҰ-ларға грант бөлетін жаңа оператор құру туралы жаңалық бар»,-дейді ол.
Сөзін жалғастырған В.Порубаймех: «Президентке жіберген өтініште олар Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне кедергі келтіретін жайттар туралы айта келе, осы құрылайын деп отырған оператор Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың шет елден гранттар алуына жол бермей, өзін қоса алғанда, Қазақстандағы бір де-бір ҮЕҰ-ның шет елден қолдау алуына жол бермейді деп айтылған. Бірақ, бұл мүлде олай емес екенін айтқым келеді»,-дейді.
Оның айтуынша, Заң жобасында «құрылатын оператор мемлекеттен алған гранттарды үкіметтік емес ұйымдарға бөледі , сондай-ақ ерікті түрде шетелдік қаржы көздерінен гранттар ала алады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, жаңа заң ҮЕҰ-лардың жұмысын тежемейді, керісінше, бұл саланың дамуына кедергі келтірмейді",-деді сөзінің соңында ол.