Үкіметтік емес ұйымдар түрмелерде босанып жатқан әйелдерге жағдай жасауды сұрады

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының үкіметтік емес ұйымдары темір тордың арғы жағында босанып жатқан әйелдерге лайықты жағдай жасау мәселесін көтерді.

Үкіметтік емес ұйымдар түрмелерде босанып жатқан әйелдерге жағдай жасауды сұрады

2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында бүгін, Астана қаласының әкімдігінде өткен ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы барысында «Реабилитациялық технологиялар мен тұжырымдамалар» қоғамдық қорының бастығы Орынбасар Құлжабаева, Қазақстанда темір тордың арғы бетіне тоғытылған жүкті әйелдерге лайықты медициналық қызмет көрсетілмейтіндігін айтып қынжылды.

О.Құлжабаева атап көрсктендей, әйелдер бас бостандығынан айырылса-дағы, оларды дені сау болу құқығынан ешкім айырған жоқ. Түрмелерде біріншіден - перзентханалар, екіншіден -педиатрлар жоқ. Онымен бірге, жүкті әйелдердің денсаулығын үнемі қадағалап отыратын арнайы мамандар қарастырылмаған. «Мен бірқатар өңірлердің түрмелерінде болдым. Онымен бірге, жүкті әйелдер Тергеу изоляторларына жеткізілгенде шылым шегетін, туберкулез және инфекциялық басқа да аурулармен ауыратын әйелдермен бірге жалпы абақтыға отырғызылады. Түрмелерде әйелдер босану кезінде ажал құшпас үшін, нәрестелер инфекцияларды жұқтырмас үшін менде нақты ұсыныстар бар», - дейді ол.

Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Ахметниязованың айтуынша, жабық мекемелерде медициналық қызмет көрсетуде проблемалардың барлығын жасырмады. Себебі, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелерде медициналық қызмет көрсету мәселесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына кірмейді. Ондағы медициналық қызметті ҚАЖК-нің медициналық қызметтері ұйымдастырады.

Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, Астанадағы жабық мекемелер қалалық емханаларға тіркелген. Бас бостандығынан айырылған әйелдер қажетті жағдайда диагностикалық тексерулерден өтіп, мамандардың кеңестерін алатын көрінеді. «Менің білуімше, қазір ҚАЖК-ның медициналық қызметтерін кезең-кезеңімен Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына беру туралы бұйрық шықты. Бұл мәселенің түйіткілі көп екендігін жасырмаймын», - деді ол.