Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін дамыту туралы семинар болады
АЛМАТЫ. 21қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазанның 22-23 күндері Қарағанды мен Алматы қалаларында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған семинар болады.
Оны Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің Шағын гранттар бағдарламасының қаржылай және «American Corners» ақпараттық-ресурстық орталығының техникалық қолдауымен Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдастыруда.
Бұл шара альянстың «Үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін коммуникацияны нығайту, тәжірибе алмасу және өзара ақпарат алмасу арқылы дамыту» жобасы бойынша Қазақстанның 11 қаласында жүзеге асырылмақ. Оған жаңа медиа мен интернетті пайдаланып өз ұйымдарының жұмысын дамытып, жұртшылықты, әлеуетті серіктестер мен донорларды өз қызметімен хабардар етуге мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатыспақ. 22 қазанда ол Қарағандыда Н. Гоголь атындағы облыстық ғылыми кітапханада, ал 23-і күні Алматыда Жамбыл Жабаев атындағы мемлекеттік жасөспрімдер кітапханасында өткелі отыр. Ал алдағы уақытта ол Астана, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Қызылжар, Атырау, Ақтөбе, Орал және Шымкент қалаларында жалғаспақ.