Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды құруға қосқан үлесі туралы республикалық байқау жариялады

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстанның азаматтық альянсы "Таным" деп аталатын республикалық байқау жариялады.

Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды құруға қосқан үлесі туралы республикалық  байқау жариялады

Мақсат - Қазақстанда тәуелсіздіктің қалыптасуы мен азаматтық қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық тану және ынталандыру. Байқау жеңімпаздарына V азаматтық форумда 14 аталым бойынша «Таным» республикалық сыйлығының лауреаты» атағы беріліп, арнайы диплом мен естелік мүсінше тапсырылады. Ол 7 қазанда Астанадағы Конгресс холлда өтетін салтанатты рәсімде жүзеге аспақ. Байқауда - жеке тұлғалар, адамдар тобы, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес-құрылымдар мен кәсіпорындар, ҮЕҰ және сондай-ақ мемлекеттік органдар бірлесіп ізденушілерді сыйлық алуға жылжытуы мүмкін. Аталымдарға үміткерлерді іріктеуді конкурстық комиссия жүргізеді.

Оларды іріктеудің негізгі өлшемдері мыналар: үміткердің конкурс талаптарына сәйкестігі; азаматтық қоғаммен және билік органдарымен өзара іс-қимыл тәжірибесі; қызмет барысында алынған нәтижелерінің тұрақтылығы; нысаналы топтар өмірінде, өңірде немесе тұтас алғанда елде жүргізілетін жұмыс нәтижелерінің маңыздылығы мен әлеуметтік тиімділігі; қызмет тәжірибесі мен нәтижелерін тарату (мультипликациялық тиімділік). қызмет пен іске асырылған жобалардың әлеуметтік маңыздылығы; нақты мұқтаждықтарға, ұйымның нысаналы тобының талаптарына қызметтің сәйкестігі; қоғам мен БАҚ-дың ұсынымдары, пікірлері.

Ал марапатау тізбесіне биыл - "Адам құқықтарын қорғау және жылжыту", "Балалар - біздің болашағымыз" , "Шексіз әлем", "Әртүрлі тұлғалар, тең мүмкіндіктер", "Ауылдағы азаматтық бастама", "Саламатты ұлт - өскелең Қазақстан", "Таза ғаламшар", "Жыл дебюті", "Волонтерлікті дамытуға және жылжытуға үлес", "Өмір үшін", "Азаматтар игілігіне арналған әріптестік", "Белсенді азаматтық ұстаным", "Жасампаздық", "Қазақстан тәуелсіздігінің құрылуына үлес" аталымдары еніп отыр.