Үкіметтік емес ұйымдардың конкурстық құжаттары екі есе азайтылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Волонтерлік туралы заң жобасы келесі айда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет осындай мәлімет берді.

«Ауылдық жерлердегі азаматтық сектордың қажеттіліктерін зерделеу үшін сондағы үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Біздің алдымызда ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдардың сұраныстарына гранттық қаржыландыру жүйесін бейімдеу, оларды алудың жеңілдетілген режимін енгізу міндеті тұр. Сондай-ақ, ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сандық және сапалық құрамына талдау жүргізіледі», - деген ведомство өкілі үкіметтік емес ұйымдардың қолын мемлекеттік қаржыландырдың барлық түріне жеткізу міндеті қойылып отырғанын еске салды.

«Ол үшін гранттық қаржыландыру процестерінің бәрін автоматтандыру жоспарлануда. Бұл жағдайда оператор әр түрлі деректер базасымен, Үкіметтік емес ұйымдар дерекқоры, Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқоры сияқты басқа да дерекқорлармен интеграциялау есебінен қажетті құжаттарды дербес жинайтын болады. Ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдар үшін құжаттарды ұсынудың ерекше тәртібін енгізгелі жатырмыз», - деді Мадияр Қожахмет.

Комитет төрағасы волонтерлік туралы заңның қалай дайындалып жатқанын да баяндады.

«Біз мемлекеттік емес ұйымдардың конкурстарға қатысу үшін ұсынатын құжаттарының санын екі есе – 9 құжаттан 5 құжатқа дейін азайтуды ұсынамыз. Бұған қоса, үкіметтік емес ұйымдардың гранттық қаржыландыру операторының алдындағы есептілігін оңайлату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл Волонтерлік туралы заң жобасы аясында гранттық қаржыландыру саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер дайындалып жатыр. Заң жобасы шеңберінде гранттардың түрлерін енгізу, орталық мемлекеттік органдарға гранттарды іске асыру құзыретін беру, қаржыландыру және әкімшілендіру процестерін реттеу жоспарлануда. Бұл заң жобасы келесі айдан бастап Мәжіліс қарауына енгізіледі», - деді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы.


Соңғы жаңалықтар