Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақыны қалай алуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақыға конкурс  жариялады. Өтініштер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақыны қалай алуға болады

Сыйақы әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға 15 бағыт бойынша беріледі.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және ҮЕҰ деректер базасына мәліметтерін уақтылы тапсырып отыратын үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Бір үкіметтік емес ұйым бір мезетте бірнеше номинация бойынша сыйақыға үміткер бола алмайды. Сыйақыға бір мәрте ие болған үкіметтік емес ұйым үш жыл ішінде конкурсқа екінші рет қатыса алмайды.

Үкіметтік емес ұйымдардың байқауға қатысу туралы өтініштері      Азаматтық қоғам істері комитетіне жіберілуі тиіс. Байқауға қатысу үшін өтініш және сауалнама нысаны, сыйақыға үміткер ұйымның қызметінің сипаттамасы, қоғамдастық өкілдерінің ұсынымдары (ҮЕҰ) және (немесе) мемлекеттік органдардың  ұсынымдары, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құрылтай құжаттарының және куәлiгiнің (анықтаманың) көшірмелері, банк шотының болуы туралы анықтама (түпнұсқа) болуы керек.  Құжаттар 2018 жылдың  1 шілдесінен бастап   1 қыркүйекке дейін қабылданады.  

Айта кетейік, биылғы 13 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. 

Аталған Заңның қабылдануы сыйақы алуға ұсынылатын үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігін кеңейтеді. Бұрын ҮЕҰ сыйақы алу үшін жыл сайынғы конкурсқа бір рет қатысып, одан кейін үш жыл ішінде конкурсқа қатыса алмайтын. Заң қабылданғаннан кейін өткен жылы сыйақы алуға ұсынылған, бірақ жеңімпаз болып табылмаған үкіметтік емес ұйымдар келесі жылдары да сыйақы алуға үміткер бола алады.  

Байқау жыл сайын өткізіледі. Биыл екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр 59 ҮЕҰ өкілі сыйақы алды, оның көлемі 4 млн теңгеден асады.