Үкіметтік комиссия Талдықорғандағы өрттің себебін тексеру және зардаптарын жою барысымен танысты
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Бүгін сағат 14.00-те ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов басқарған үкіметтік комиссия наркологиялық диспансерде болған өрттің мән-жайын жергілікті орында зерттеу және қажетті шаралар қабылдау үшін Талдықорғанға келді.
Комиссия құрамында - ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов, ҚР ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы Мұхаран Әміров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, өкілетті органдар өкілдері бар.
Үкіметтік комиссия қайғылы оқиға орнында болды және өрттің себебін тексеру және зардаптарын жою жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан кейін комиссия мүшелері ауруханада жатқан зардап шегушілерде болды, оның барысында оларға көмек көрсету мәселелері шешілді.
Үкіметтік комиссия мүшелері ҚР Премьер-Министрінің тапсыруымен қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. С.Ахметов пен С.Үмбетов қазаға ұшыраған диспансер қызметкерлері Сәрсенбаева мен Вагапованың үйлерінде болып, олардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Бүгін әкімдіктің ғимаратында үкіметтік комиссияның отырысы өтеді, онда өрттің себебін тексеру барысы туралы өкілетті органдардың баяндамалары тыңдалады және қаза болғандардың отбасыларына қажетті материалдық көмек көрсету мәселесі қаралады.
Тергеу барысын ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатаң бақылауға алды.