Үкіметтің 2011 жылы жүргізетін экономикалық саясаты ең алдымен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталады

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат -ҚР Үкіметінің, ҚР Ұлттық Банкінің және ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің (ҚНРА) 2011 жылы жүргізетін экономикалық саясаты ең алдымен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталады. Бүгін Үкімет отырысында қабылданған мәлімдеме жобасында осылай атап көрсетілген.
None
None

Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, экономикалық саясат екіншіден - Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде экономиканы әртараптандыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға; үшіншіден жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге; төртіншіден - білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуды қоса алғанда, адами капиталды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады.

«Бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында орталық деңгейде, сондай-ақ өңірлік деңгейде әкімшілік кедергілерді азайту және рұқсат беру жүйесін оңтайландыру жұмысы жалғасатын болады», делінген мәлімдемеде.

2011 жылы Қазақстанның экономикалық мүдделерін әзірлеу және жылжыту әрі КО мен БЭК шеңберінде ашылатын жаңа мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында бизнес қоғамдастықпен белсенді бірлескен жұмыс жалғасатын болады. Жаһандық сауда-экономикалық жүйеге одан әрі ықпалдасу мақсатында сытқы экономикалық саясатта басым мақсаттардың бірі КО бойынша әріптес елдермен тығыз үйлестіре отырып, ДСҰ-ға Қазақстанның кіруі үдерісін жылдамдату болып табылады.

2011 жылы ҮИИДМБ-ны іске асыру шеңберінде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдің инфрақұрылымын дамытуға ішкі және сыртқы инвестициялық ресурстары барынша жандандырылатын болады, Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа индустриялық және инновациялық жобалар қосымша іске қосылатын болады.

Экономика салаларындағы өнімділікті арттыруға ынталандыру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ауқымды жаңғырту бойынша «Өнімділік 2020» бағдарламасы қабылданатын болады.

Сонымен қатар мәлімдемеде айтылған басымдықтарға сәйкес, инвесторлар үшін экономиканың шикізаттық емес салаларында қосымша ынталандыру шаралары, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар есебінен де жасалатын болады.

Ал кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау үшін Бизнестің жол картасы 2020-ны жүзеге асыру төрт, атап айтқанда - бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыттары бойынша жалғасатын болады.

Мұнайлық емес тапшылықты қысқарту, Ұлттық қор активтерін арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы теңгерімді бюджетті қамтамасыз ету фискалдық саясатты іске асыру барысында басым міндеттер болып табылады.

Мәлімдемеде айтылғанындай, Үкiмет халықтың әл-ауқатын арттыру және халықтың әлеуметтiк осал топтарын қолдау жөнiндегі шараларды қабылдауды жалғастырады. 2011 жылы бюджет саласында жалақыны және әлеуметтік шығыстарды өсіру көзделген.

«Ішкі нарықта бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді реттеу және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету 2011 жылғы экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болады. Бұл үшін Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көтерме (коммуналдық) азық-түлiк базарларын және сауда инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне баға белгілеуді реттеу жұмыстары жалғастырылады», делінген мәлімдемеде.

Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау, жосықсыз бәсекені анықтау мен оның жолын кесу, баға жөнінде мәміле жасасу, нарық субъектілерінің өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану, алыпсатарлық бағаның өсуі, өнім өндіруші мен түпкі тұтынушылар арасындағы аралық буындарды қысқарту жұмыстары күшейтіледі.

2011 жылы баға тұрақтылығын және жылдық инфляция деңгейін 6 - 8 % аралығында ұстап тұруды қамтамасыз ету Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының басым бағыты болады.

Қазақстан экспортының негізгі тауарларына қолайлы әлемдiк баға конъюнктурасы және ұлттық валютаның тұрақтылығы жағдайында Ұлттық Банк валюта бағамының басқарылатын құбылмалы режиміне көшуді жоспарлап отыр.

Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуы саласындағы саясат қаржы секторының тұрақтылығын, ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Тұтастай алғанда, елдің қаржы секторының дамуы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасына сәйкес іске асырылады.

Осылайша, 2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және ҚНРА жүргізетін экономикалық саясат ЖІӨ-нің 4-5 % нақты өсуін, инфляцияны 6-8 % деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар