Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыс жоспары мақұлданды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыс жоспары мақұлданды

«Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасында 31 заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу көзделеді. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында Парламентке - 11 заң жобасын, ал екінші жарты жылдықта 20 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. 2022 жылға арналған жоспардың жобасында 1 кодекс пен 5 жаңа заң әзірлеу көзделген», - деді Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Үкімет басшысы олардың арасында қоғамдық қатынастарды реттейтін үш жаңа заң жобасы бар екендігін атап өтті.

«Бұл - тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және жылу энергетикасы мәселелері жөніндегі заң жобалары мен Әлеуметтік кодекстің жобасы. Жалпы Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасын мақұлдауды ұсынамын. Бұл ретте мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобаларының сапасын және Парламентке уақтылы енгізілуін қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.