Үкіметтің әрбір мүшесі айтылған мақсат-міндеттерге жауапты болады - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жаңа бағдарламасын шұғыл орындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президенттің айтуынша, "Нұр Отан" партиясының жаңа бағдарламасында нақты мақсат-міндеттер айқындалған. Соның негізінде алдағы үш жылдың мемлекеттік-әлеуметтік саясаты жүргізіледі. "Үкіметтің жаңа құрамы және барлық әкімдер аталған мақсат-міндеттерді орындауға шұғыл кірісулері керек. Осы айтылған мәселелері бәріміз қолға алып, мен болып, Үкімет болып, партия мүшелері болып, аймақтағы партияның ұйымдары болып, атсалысуымыз қажет. Бұл оңай жұмыс емес, әрине. Барлығын ұйымдастыру қажет", - деді Н.Назарбаев "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде.
Президенттің айтуынша, Үкіметтің әрбір мүшесі және әкімдер жаңа бағдарламада көрсетілген экономикалық мақсат-міндеттердің орындалуына жауапты болады. Әрқайсысының жеке жауапкершілігі болады. "Ол үшін Президент аппаратында арнайы бақылау комитеті құрылады", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 процентке өседі. Әкімдік қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі. Президенттің "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.