Үкіметтің атқарған жұмысы әр облыс, әр аудан, әр ауылға, керек десеңіз әр көшеге жетті - Н. Ерімбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Серік Ахметов басқарған Үкіметтің жұмысын өз басым жоғары бағалаймын. Нақты жұмыстар атқарылды. Оның атқарған жұмыстары әр облыс, әр аудан, әр ауылға, тіпті керек десеңіз әр көшеге жетті, деп атап өтті белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, белгілі бір үкіметтің бастан-аяқ атқарған жұмысына бір ауыз сөзбен баға беру өте қиын.
«Мен одан да мынадай бір мысал келтірейін. Студент кезімізде, жас кезімізде барлық саяси бюро, Коммунистік партияның орталық комитетінің барлық мүшелерін жатқа білетін едік. Барлық министрлерді атын атап, түсін түстеп бере алатын едік. Барлық Кеңестік Республикалардың басшыларын, Үкімет басшыларын ұйықтап жатқанда оятып сұраса да, жіпке тізгендей қылып беретінбіз. Бұл біздің саяси сауатымыздың, деңгейіміздің көрсеткіші болды. Біз осымен мақтанатынбыз», - дейді саясаттанушы.
Кеңес одағы кезіндегі саяси жағдайды еске ала отырып, ол былай деді:
«Бірде шамамен 80-ші жылдардың басында Мәскеуде студенттер арасында үлкен фестиваль болды. Сонда Еуропа мен Америкадан біраз студенттер келді. Бір қызығы, олар министрлер түгілі өзі тұратын қаланың мэрінің атын білмейтін болып шықты. Сонда біз оларға «Сендердің саяси сауаттарың - нөл! Түк білмейсіңдер!» деп күлгенбіз».
«Алайда көп жылдан кейін қарап отырсам, олар бақытты адамдар екен. Себебі, олардың өмірі кезекті бір министрге, кезекті мэрге, кезекті Үкімет басшысына байланысты емес. Сондықтан оларға кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр, бәрібір. Өйткені олардың өмірі өзгермейді. Неге біз үкіметтің өзгеруіне байланысты өзіміздің өмірімізді «бөлшектеуіміз» керек? Менің жұмысым, менің жағдайым, менің отбасым бұрын қалай болса, солай болып қалуы тиіс. Біздің өміріміз өз арнасымен тұрақты түрде аға беруі қажет. Мәселе осыда! Саяси және экономикалық тұрақтылықта», - деп түйіндеді ол.