Үкіметтің чартерлік рейстерін қысқартып, оның қаражатын санитарлық авиацияны жандандыруға жұмсаған орынды -Т. Сыздықов

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкіметтің чартерлік рейстерін қысқартып, оның қаражатын санитарлық авиацияны жандандыруға жұмсаған орынды.

Үкіметтің чартерлік рейстерін қысқартып, оның қаражатын санитарлық авиацияны жандандыруға жұмсаған орынды -Т. Сыздықов

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тито Сыздықов еліміздегі санитарлық авиацияны жандандыру туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, 1990 жылдардағы қаражат тапшылығынан еліміздің басым өңірлерінде санитарлық авиация тоқтатылып, талан-таражыға түскен. Ендігі күні сол медициналық авиация қызметі ауыр көліктермен атқарылып келеді.

«Ауылдық жерлердегі хәл үстінде жатқан науқастар 300-400 шақырымға УАЗ машинасымен 4-5 сағат жүріп жеткізеді. Бұндайда науқастың өмірін арашалап қалу мүмкіндіктері де төмендейді. Біз өткен жылы қабылдаған Халықтың денсаулығын сақтау туралы Кодекстің 50-бабына сәйкес, санитарлық авиация - шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны болып бекітілген. Сонымен бірге, Үкімет қаулысына сәйкес, санитарлық авциация тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің тізбесіне де енгізілді. Алайда, шалғайда тұратын жұртшылық осы санитарлық авиация қызметінің жандануын әлі күтіп отыр», деді депутат.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы елімізде орын алған апаттар барысында да бұндай авиация қызметінің тиімділігі, тигізген септігі мол болған.

«Бізге әрбір адамның өмірі қымбат. Сондықтан да, менің ойымша, Үкімет мүшелерінің чартерлік рейстерін қысқартып, одан үнемделген қаражатты халықтың мұқтажына, санитарлық авиацияны жандандыруға жұмсаған орынды. Конституция бойынша біздің ел тұрғындарының құқығы бірдей, бірақ шалғайдағы науқастарды ажалдан арашалап қалудағы мүмкіндіктер әртүрлі болып отыр», деді депутат.