Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын іске асыру шеңберінде аграрлық секторды қолдау мәселелері талқыланды
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. Қазақпарат. Бүгін Парламент Сенатында депутаттар Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищановтың басшылығымен «ҚазАгро «Ұлттық басқарушы холдингі» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековпен кездесіп, онда бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасын іске асыру шеңберінде аграрлық секторды қолдау мәселелері талқыланды,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу басында сөз алған сенатор Жақай Нұрғалиев қатысушылар назарын агроөнеркәсіп кешеніндегі келелі мәселелерге аударып, бүгінгі таңда еңбек өнімділігін арттыру, өнімдер сапасын жақсарту, заманауи инфрақұрылым мен ақпараттық-логистикалық базаны дамыту, инвестициялық саясатты, субсидиялау тетіктерін және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды жетілдіру салаларындағы жедел шешуді талап ететін мәселелерді атап өтті.
Агроөнеркәсіп кешені алдында тұрған міндеттерді, Кедендік одақ аясындағы жұмыстарды және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту жолдарын құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқтала келіп, Ж.Нұрғалиев еліміздің агроөнеркәсіп кешенін одан әрі жетілдіруге бағытталған заңнамалық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жария ету қажеттігін айтты.
«ҚазАгро» холдингінің басшысы А.Мамытбеков депутаттарды компанияның өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен үстіміздегі жыл ішіндегі қызметтері туралы хабардар етті.
Басшының сөзінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту міндеттерін жүзеге асыруға 2009 жылы Ұлттық қордан 120 миллиард теңге бөлінді. Қаражат көктемгі-дала және күзгі егін ору жұмыстарын жүргізуді, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және астық нарығын тұрақтандыру мақсатында астық сатып алуға бағытталды.
А.Мамытбековтың айтуынша, өткен жылы Холдингтің еншілес компаниялары арқылы елдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлығы 220 миллиард теңге бағытталды, ол 2008 жылғы (166,8 млрд. теңге) деңгейден 32,2 пайызға жоғары.
Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен аграрлық салаға 80 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда, холдинг жетекшісінің мәліметінше, көктемгі-дала жұмыстарын қаржыландыруға 31,66 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қамсыздандырудың өтімділігі жоғары кепілдігін ұсынуға мүмкіндігі жоқ шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдаудың жаңа бағдарламасын іске қосу үшін үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін Холдинг жеке қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.
А.Мамытбековтың мәліметінше, жалпы алғанда, 2009-2011 жылдардың ішінде Ұлттық қордың қаражаты есебінен 283 миллиард теңгеден аса сомаға іс-шаралар қаржыландырылады.
Кездесуде сонымен қатар, «ҚазАгроФинанс» АҚ және «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ басқарма төрағалары Д.Айтжанов және А.Солюлёв сөз сөйлеп депутаттардың сұрақтарына жауаптар қайтарды. Оның барысында жаңа технологияларды енгізу, қайта өңдеу саласын, ауыл еңбеккерлерін шағын несиелеу, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдетілген несиелеуді жүзеге асыру мәселелері көтерілді.
Кездесуге ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Оразаев қатысты.