Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары еңбек нарығына оң әсерін тигізді - Еңбек министрі

24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Үкіметінің дағдарысқа қарсы қолға алып отырған шаралары еңбек нарығына оң әсерін тигізді.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары еңбек нарығына оң әсерін тигізді - Еңбек министрі

Бұл туралы бүгін Астанада әлеуметтік еңбек және көші-қон мәселелері бойынша мемлекетаралық ықпалдастықты нығайтуға арналған халықаралық конференцияда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-шаралары еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға оң әсерін тигізгені сөзсіз. Үстіміздегі жылғы сәуір айынан бастап елде жасырын жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін қысқарды, мұнда жұмыс берушілердің де қосқан үлесі аз емес. Бір миллион адамды жұмыспен қамтып отырған елдегі 5,2 мыңнан астам орта және ірі бизнес кәсіпорындары Үкімет пен кәсіподақтардың жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша меморандумдар жасау бастамасын қолдады. Бұл бүгінгі қиын жағдайда жаппай жұмыссыздыққа қатысты болжамдардың орындалуына жол бермей, бизнестің көрсеткен әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі болды», - деді ол.

Сондай-ақ оның атап көрсеткеніндей, Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысына шұғыл әрекет етіп, оған қарсы бағдарламаны әзірлеген алғашқы елдердің бірі болды. Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында еңбек нарығын тұрақтандыру және мамандарды қайта даярлауға республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 191 миллиард теңге бөлінді. Үкіметпен қабылданған «Жол картасы» іс-шаралар жоспары бойынша 2009 жылы 350 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде аталмыш жоспарға сәйкес 137 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, 100 мыңнан астам адам кәсіптік оқытуға және қайта оқытуға жіберілетін болады. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 14,4 миллиард теңге қарастырылып отыр. Тағы 96 мың адам әлеуметтік жұмыстарға тартылады (бөлінген қаражат 8,6 миллиард теңге). Оның басым бөлігін жоғары және арнаулы оқу орындарының түлектері құрайтын болады.