12:55, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкіметтің дағдарыстан шығу бағдарламасын жүзеге асыруға қазақстандық әр азамат өз тарапынан қолдау көрсетуі тиіс ? К.Сағадиев
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттер кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен ұйымдастырылған жиынға қатысушыларды К.Сағадиев қаржы дағдарысының себеп-салдары, оны еңсеру бойынша ел Үкіметінің қабылдаған бағдарламасы, банк жүйесінің бүгінгі жай-күйі жайлы хабардар етті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, депутат Үкіметтің дағдарыстан шығу бағдарламасын жүзеге асыруға қазақстандық әр азамат өз тарапынан қолдау көрсетуі тиістігін атап көрсетіп, оқытушылардан сапалы білім, студенттерден саналы әрекет пен жоғары кәсіби біліктілік талап етілетінін қадап айтты. Кездесуге қатысушылар депутатқа сұрақтар қоя отырып, өз уәждерін жеткізді. Мәселен, жеңілдік берілетін мамандар қатарына аграрлық оқу орындарының түлектерін қосу үшін «Агроөнеркәсіп кешендері мен ауыл аймақтарын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға, 100 пайыз акциясы мемлекет меншігіндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері тұрғын үй алуға жеңілдіктер алатындай «Тұрғын үй құрылысы жинағы туралы» Заңға және ғылыми-педагогикалық кадрларды аспирантура мен докторантура арқылы дайындау үлгісін қалдыру үшін «Ғылым туралы» Заңға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді сұрады.