Үкіметтің экономикалық блогы БЖЗҚ қаржысы салымдарын барынша секьюриттеу үшін жұмыс істейді

«БЖЗҚ қаржысын пайдалану бағытына тоқталатын болсақ, біздің ойымызша, портфель әртараптандырылған болуы керек. Біздің айтқан қаржы көлемінің бір бөлігі бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін пайдаланылады. Мемлекеттік құнды қағаздар шығарылып, олар нарықтық жағдайларға сәйкес болады»,-деді Е. Досаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, шартталған несиелер шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталады.
Е. Досаевтың айтуынша, БЖЗҚ қаржысы банктер арасында олардың жағдайына және Ұлттық банктің талаптарын ескере отырып бөлінеді.
Сонымен қатар БЖЗҚ қаржысының сақталуы мен қайтарылуының кепілдігіне тоқталсақ, осы орайда Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық банк бірлесе отырып салымдарды барынша секьюриттеуге жұмыс істейтін болады.
Мұнымен қоса, министр Үкімет 2016 жылға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа болжамын бекіткенін атап өтті. Есептеу бағамы 300-ден 360 теңгеге дейін өзгертілді. ЖІӨ өсімінің болжамы 2,1 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендетілді. Ал инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыздық дәлізде сақталып отыр.