Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн – Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осындай бастама көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн – Президент

«Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру керек.

Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн. Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауап беруге тиіс.

Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет. Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ», - деді Президент.

Айтуынша, енді орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейту көзделіп отыр.

«Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.