Үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін бөлетін заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын қабылдады.
Аталған құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіліктердің аражігін ажырату бойынша негізгі қағидаттар мен тәсілдер айқындалған Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығын іске асыру үшін әзірленді.
Заңның мақсаты Үкімет, орталық атқарушы органдар, орталық атқарушы органдардың ведомстволары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті нақты бөлуді қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте Үкіметке негізгі базалық бағыттар жөніндегі функциялар жүктеледі. Атап айтқанда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу, қорғаныс қабілеті, қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және оларды ұйымдастыру мәселелері қамтылған.
«Ал министрліктер мен Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарға стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын орындау, стратегиялық жоспарлар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша өкілеттіліктер беріледі. Министрліктер мен ведомстволарға реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру, олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді бекіту жөніндегі фунциялар беріледі»,-деді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досав.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.