Үкіметтің «Самұрық-Қазынаға», ал қордың ұлттық компанияларға қатысты дивидендтік саясаты үйлесімді болуы тиіс - Қ.Келімбетов

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Үкіметтің «Самұрық-Қазынаға», ал қордың ұлттық компанияларға қатысты дивидендтік саясаты үйлесімді болуы тиіс. Бұл пікірді бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов білдірді.

Үкіметтің «Самұрық-Қазынаға», ал қордың ұлттық компанияларға қатысты дивидендтік саясаты үйлесімді болуы тиіс - Қ.Келімбетов

Оның пайымынша, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоры Темасек (Сингапурдың алып компаниясы, әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Самұрық-Қазына әуел баста  сол компаниялардың формасымен құрылған) компаниясы сияқты нарықтық ойыншыға айналып, түсімге сол кезде қол жеткізеді. Бірақ, нарықтық компаниялардан айырмасы оның негізгі акционері мемлекет болмақ.

«2013-2014 жылдары әлемдік экономика тұрақсыз және бұлыңғыр болуы ықтимал. Сондықтан, макроэкономикалық жағдай бюджетке және ұлттық компаниялардың қаржылық тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін», - деді ол.  

Сонымен қатар Ұлттық қор қаржысын пайдалану мәселесіне тоқталған Қ.Келімбетовтің атап өтуінше, оған Мемлекет басшысы басқаратын Қорды басқару кеңесінің шешімімен ғана рұқсат етіледі.  «Дивидендтік саясатқа келер болсақ, Үкіметтің «Самұрық-Қазына» қорына қатысты дивидендтік саясаты және қордың ұлттық компанияларға қатысты дивидендтік саясаты үйлесімді болуы тиіс. Қазір Үкімет «Самұрық-Қазына» қорынан жоғары мөлшерде дивиденд алмау ұстанымын қолдайды. Өйткені, ол қаржыны қор мен оның ұлттық компаниялары ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсамақ», - деді Қ.Келімбетов.