Үкіметтің жаңа басшысы өндірістен бастап, басқарушылықтың барлық мектептерінен өткен азамат - Қ. Сұлтанов
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкіметтің жаңа басшысы Серік Ахметов өндірістен бастап, басқарушылықтың барлық мектептерінен өткен азамат. Сондықтан да Мәжіліс Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Премьер-Министр кандидатурасына Серік Ахметовті ұсынып, оны төменгі палата депутаттары бірауыздан қолдаған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне пікір білдірген депутат Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.
«Бүгінгі Мәжілістің отырысында Президенттің ұсынысын қолдап сөз сөйледім және бұрынғы Үкімет басшысына алғыс айту ниетіне қосылатындығымды да жеткіздім. Себебі Серік Ахметовтің Премьер болуға дайындығы мол деп білемін. Ол өнеркәсіп пен өндірістің отына апталып, күлін қолымен көсеген, ыстық пен суықты, ақ пен қараны ажырата алатын атпал азамат. Білікті басшы ретінде өзін көрсетті. Өңірлердің проблемасын бес саусақтай біледі. Ең бастысы, биліктің барлық мектебінен өткен Серік Нығметұлы қоғамның қайшылықтарын да айқын сезетін азамат», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Сонымен қатар, жаңа Үкіметке де айтар тілегі бар екендігін жеткізген депутат: «ең бастысы елдің әлеуметтік жағдайына жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Әсіресе ауыл тұрмысы өңірлерді өркендету мәселесі әлі де өзекті», - деп атап өтті.