Үкіметтің жаңа құрамына жүктелер жауапкершілік мол - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 тамыз, бейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
*** «Егемен Қазақстан» газетінде «Үкіметтің жаңа құрамына жүктелер жауапкершілік мол» деген тақырыппен кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы жайында жан-жақты талдау материалы беріліп отыр.
Басылымның жазуынша, алқалы жиын Елбасының кіріспе сөзімен ашылды. «Үкіметтің ағымдағы жылғы басты міндеттері айқындалып, шешімдер қабылданды. Бұл - биылғы Жолдауда айтылған 2050-ге дейінгі бағдарлама. Біз осы бағытта 30 өркендеген елдің қатарынан көрінуіміз керек. Барлық өңірлерді менің тапсырмаммен Үкімет басшысы аралап шықты, әкімдермен кездесті. Барлық жергілікті мәселелерді саралап берді. Мен жағынан шешілуі тиіс барлық мәселе шешілді. Бағдарламалар бекітілді, индустриялық жоспарлар бар. Дүниеде болып жатқан алмағайып ахуалдар, оның ішінде ТМД елдерінде орын алған оқиғалар аясында біз де жайбарақат отырмай, барлық мәселелерді сараптан өткізіп, қалай, не істеуіміз керектігі жайында ойлануға тиіспіз. Қазақстанға да осындай оқиғалардың қиындығы тиеді, ол қай бағытта тиеді, оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл ретте ең негізгі мәселе - экономиканы өркендетуді жолға қоюымыз керек. Бүгінгі әңгіме осы жайында болады», - деді Елбасы сөз басында.
Елбасынан соң Үкімет мүшелері ағымдағы жылдың жеті айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдығы бар міндеттердің орындалу жайын баяндады.
Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың бүгінгі жағдайы мен ТМД кеңістігіндегі жағдайларға тоқтала келе, олардың өңірлік қана емес, жаһандық сипатқа ие екенін, оған Қазақстан да мұқият назар аударуы керектігін тағы бір атап өтті. «Әрбір басшы, мейлі ол жергілікті жерде болсын, мейлі орталық органда болсын, енді не істеу керектігін мұқият білуі керек. Ал алдағы уақытта Үкіметтің экономикалық саясаты бүгінгі тап болған тәуекелдерді шешуге негізделуі тиіс. Сондықтан да біз бүгін ең алдымен ағымдағы экономикалық саясатты саралап, жаңа жағдайларды ескере келе, жаңа шараларды қабылдауға тиіспіз», - деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі қалыптасып отырған жағдайларға байланысты Үкімет алдында жаңа міндеттер тұрғандығына тоқталды. «Олар 7 түрлі бағыт бойынша жүзеге асуы тиіс. Біріншіден, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт іс жүзіне асатын болады. Біз Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруінің соңғы кезеңінде тұрмыз. Биылғы жылдың желтоқсан айына дейін Экономикалық әріптестік және даму ұйымымен ынтымақтастық орнату туралы елдік бағдарлама қабылданатын болады. Жаңа интеграциялық жағдайға сәйкес, біздің экономикамызды әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі тереңдетіп, жалғастыра беруіміз керек. Бұл орайда, Ресей және Беларусь елдеріндегі өңірлермен белсенді жұмыстар жүргізудің және олардың қажет етілетін жерлерінде сауда өкілдіктерін ашудың уақыты келді», - деді Елбасы.
Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кабинетінің қайта құрылатындығын жария етті. Сонымен, бұған дейін Қазақстан Үкіметінің құрамында 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент болса, құрылымдаудан кейін 12 министрлік пен 30 комитет қана қалды. Ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрліктер қарамағына кірді. Басылымның жазуынша, «Қазіргі уақытта мемлекетті басқарудың тиімді жүйесін құру талап етіледі. Жинақы Үкімет қажет. Бізге қажеттіден артық шенеунікті отырғызудың еш қажеті жоқ», - деп түсіндірді Елбасы.
***
Бурсадағы «Біржан-Сара» операсы түркі елдері өнер иелері бірігіп сахнаға шығарған тамаша қойылым болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы « Бурсадағы «Біржан-Сара» атты мақаласында. Мақала авторы белігілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың жазуынша, ол маусым айының 10-нан 16-на дейін жалғасқан Орынбордағы театр фестивалінен кейін, аталған айдың 17-нен 20-на дейін Ыстамбұл, Анкара, Бурса, Ескішаһар қалаларында қойылған қазақ музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың әйгілі «Біржан-Сара» операсының көрсетілімдеріне қатысқан.
«Түрік жерінде не көп, фестиваль көп. Сондай өнер мерекелерінің біріне қатысуды жөн көрген аталған операның қатысушылары өз қадамдарын Ыстамбұл шаһарынан бастады. Ол фестиваль түрік шаһарларының біразын қамтыды. Операның екінші таныстырылымы өткен шаһар - Бурса. Өкінішке қарай, Ресейдегі театр фестивалін біржола аяқтау міндетін мақсат тұтқандықтан өз басымыз жоғарыдағы екі шаһарда өткен қойылымдарды көре алмадық. Кешеуілдеңкіреп болса да, Ескішаһар мен Анкарада аса зор табыспен жүріп өткен қойылымдарды зор ынтамен тамашаладық», деп жазады автор.
Сондай-ақ, бұл операның баса көрсетер бір ерекшелігі (жаңалығы десе де болады) - көпұлтты һәм көп дауыстылығында. Түркітілдес әншілердің бас қосқан достыққа толы жүрек әуендері дерсіз... Олар күрделі арияларды тек қана түрік тілінде айтты. Біржанның трагедиясын түрік әншісі Өсер Өндес пен қырғыздың үздік теноры Садырбек Жұмашев, Сараны татардың жас әншісі мен қазақ әншісі Жұпар Хайруллина бұлбұлша тамылжытты. Жанбота - өзіміздің Шаһмардан Әбіловтің орындауында еркін әуелесе, түрік әншісі самсундық Өзгір Аслан одан қалыса қойған жоқ. Өзбек және қырғыздың алғыр да күшті дауыс иелері Феруза Юсупова мен Әсел Бекбаева қу да зәлім Алтынай бейнесін асқан шеберлікпен кескіндеп берді. Екеуі де келбетті, көрнекті, зор үнді нағыз толысқан меццо-сопраналар екен, дейді сыншы.
Сөзін қорытындылай келе мақала авторы: «Біздерді «Біржан-Сара» қойылымы осындай әрқилы ойларға жетеледі. Тырнақ астынан кір іздеген кісіге кемшілік атаулы қай кезде де табылар. Ең бастысы, Біржан мен Сара махаббаты түркітілдес үздік әншілердің орындауында адамзат біткеннің айызын қандырып, әуелей қалықтап жатты. Түркия жерінде риясыз шырқалған Біржан мен Сараның ғашықтық ариялары құлағымыздан кетер емес», - деп ой түйеді.
***
Алтай Республикасының қоғамдық өкілдері мен рухани діни басқармасының қызметкерлері Ұлттық мұражайға қойылған Алтай ханшайымының мумияланған сүйек қаңқасын қайтадан жер қойнауына қайтаруды сұрап отыр, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Алтай ханшайымын қайта жерлеген жөн» деген мақалада. Қоғам қайраткерлерінің айтуына қарағанда, соңғы бірер жылда Алтай аймағында әртүрлі табиғи тосын апаттар орын алып, халықтың мазасын алуда.
Қазір өңірде қол жинау жұмыстары басталып кетті. Билік қашан осы бастамаға жағымды сипатта жауап береді, соған дейін қол жинау толас таппайды.
Қазір қол жинаушылар хатты республика басшысы Александр Бердниковке жібермек. Ақиқатына келсек, Алтай ханшайымының сүйегін новосібірлік археологтар 1993 жылы тапқан болатын. Содан бері ол Алтайдың Ұлттық музейінде жатыр. ЮНЕСКО бірнеше жыл өткен соң ханшайым табылған қасиетті жер Укокты бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізді.
Жалпы, Алтай ханшайымын қайта жерлеу туралы пікір соңғы ондаған жыл бойы жиі айтылып келеді. Алтай Республикасының Ванга іспетті көріпкелі Клара Қыпшақова ханшайымды қасиетті орнына қайтару керектігін жиі айтып жүр.
«Ең бір назар аударарлық жағдай, егер Алтай аруын арулап қайта көмбесек, 2014 жылы Алтай өңірі,тұтастай алғанда Ресейдің барлығын үлкен апат күтіп тұр», - дейді көріпкел әйел Клара Қыпшақова.
«...Мүмкін Қыпшақтың қызы Клараның айтқанында қисын бар шығар. Украинамен, ЕуроОдақпен, алыстағы АҚШ-пен қырғи- қабақ жағдайда тұрған орыстар осы сәтте Алтай ханшайымын қара жерге қайта жерлесе, тыныштық орнар», дейді басылым.
***
«Қазақстан дауысы» жобасының тұңғыш жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет алғашқы жемісін бере бастады. Ол «Мақпалжан» әніне Алматы төңірегінде бейнебаянын түсіріп, көпшілік назарына ұсынды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жеңімпаз жеміс бере бастады» атты мақалада. басылымның жазуынша, жаңа туынды AIMVI продюссерлік орталығында жүзеге асқан. Режиссері - Бақытжан Желдірбаев. Жас әнші шығарманы электрлі домбырада орындап, канадалық Nickelback рок-тобының стилін негізге алыпты. Бұл ән осыған дейін Тоқтар Серіковтің орындауында жұртшылыққа жеткен. Өлеңін жазған Ержанат Байқабай болса, әуенмен әрлеген - «Қара жорға» әнін бірден-бір насихаттаушы Қажымұрат Шешенқұл.
Шахаризат «Мақпалжан» әнін 2005 жылы Тоқтар Серіковтің және автордың өз орындауында естіген екен. Қызыққаны соншалық, орындау үшін ән иесінен рұқсат сұрауға бекінеді. Алайда, сабақты иненің сәті оңайлықпен келе қоймапты. Биыл әйтеуір ойындағысы орындалып, өз стилінде қайта өңдеп шығады. Бірақ туындының табиғи болмысын сақтап, түп-тамырынан ажыратпауға тырысқан.
Шахаризаттың әнді электрдомбырамен жеткізуінде де бір сыр бар. Өйткені оның продюсері - заманауи аспапты қолданысқа енгізген Нұржан Тойшы.
Тағы бір айта кетерлігі, бейнебаян барысында қала маңындағы көрікті жерлер қамтылғаны болмаса, ерекше оқиға желісіне құрылмаған. Негізінен, жас әншінің бет-бейнесін көпшілікке кеңірек таныстыруды көздейді. Сондай-ақ Нұржан Тойшы жетекшілік ететін «Алдаспан», «Шарапат» топтарының өнерпаздарымен қатар, «Қара жорға» биінің элементтерін көруге болады.
Естеріңізге сала кетсек, Шахаризат өткен жылы «Қазақстан дауысы» жобасында бас жүлдеге лайық деп табылып, 5 миллион теңге ұтып алған. Сондай-ақ әлемге әйгілі Universal дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болды.
Ал кеше Алматыда аталмыш ұлттық музыкалық жобаның іріктеу кезеңі басталды. Ұйымдастыру комиссиясы 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушыларды дауысы мен кәсіби шеберлігіне қарап іріктеп алмақ. Жобаға қатысу тегін. Үміткерлердің жеке басын куәландыратын құжаты ғана қажет. Үздіктер төрт топқа бөлінетін болады. Ал ақтық мәреге төрт үміткер шығып, олардың арасынан жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады. Жас орындаушыларға тәлімгерлер репертуар таңдап, дайындық сабақтарын жүргізеді.
Телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» ұлттық арнасынан 26 қазаннан бастап көрсетіледі. Ал SMS-дауыс беру мүмкіндігі 2015 жылдың 11 қаңтарынан есепке алынады.
Алғашқы іріктеу сындары осыған дейін Астана қаласында өтті. Байқауға Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Орал, Семей, Жезқазған, Теміртау қалаларынан арнайы келген 600-дей үміткер қатысты.
***
Ақтөбелік имамдар халықты мұсылман зираттарынан алдын ала орын алып қою әдетінен бас тартуға шақыруда, деп жазады «Время» газеті «Заранее не занимать» атты мақаласында.
Басылымның жазуынша,Ақтөбенің Алшын ауданындағы Бестамақ атты ең ірі мұсылман зиратында белгісіз біреулер алты орынды алдын ала иемденіп қана қоймай, мәрмәр тастармен қоршап, басына кесене тұрғызып, болашақта қойылатын құлпытасына дейін дайындап қойған көрінеді. «Жай ғана сырттан қараған адамның өзіне осыларды дайындауға бірталай қаражат кеткені байқалады», деп жазады басылым.
Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбековтің айтуынша, бұл мұсылманшылыққа жатпайтын іс. «Адамның қашан өлетінін бір Алла ғана біледі. Ендеше неге сонша өлуге асығамыз? Егер адам әбден қартайып, жуық арада дәм-тұзы таусылатыны айдан анық болса ғана, шариғат бойынша бұрын қайтыс болған туыстарының қасынан орын белгілеп қоюға болады. Ал бірден бірнеше жерді иемденіп алу деген тым өрескел қылық!», - дейді ол.