14:40, 07 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкіметтің жаңа жұмыс тобы жұмысшыларды жаппай қысқартудың алдын алу және еңбек рыногында тұрақтандыру шараларын қабылдау мәселелерімен айналысады
АСТАНА. Қаңтардың 7-сі. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жетекшілік ететін жаңа жұмыс тобы жұмысшыларды жаппай қысқартудың алдын алу және еңбек рыногында тұрақтандыру шараларын қабылдау мәселелерін шұғыл қараумен айналысатын болды.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жұмыс тобына экономика, ішкі істер, білім, индустрия, энергетика, ауыл шаруашылығы, әділет министрліктерінің басшылығы, облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының», «ҚазАгро» холдингінің, жұмыс берушілердің, жұмысшылар мен кәсіпкерлер бірлестігінің өкілдері кіреді. Бұл жұмыс тобы жүзеге асыратын негізгі шараларға келетін болсақ, олар аймақтардағы халықтың еңбекпен қамтылу жағдайына талдау жасайды, жұмыстан босап қалған еңбек ресурстарын басқа өндірістерге ауыстыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді, босаған кадрларды қайта оқыту және дайындау, әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын, атап айтқанда жұмыстан қысқарып қалған жағдайда жәрдемақылармен, атаулы әлеуметтік көмектермен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық жобалармен айналысады.