Үкіметтің және Есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері депутаттардың талқысына шығарылады

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.

Үкіметтің және Есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері депутаттардың талқысына шығарылады

Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды. Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржы және бюджет комитеті Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқыға салу мәселесін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынып отыр.

Сонымен қатар Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатын болды.

Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне жүктеледі.

 Сондай-ақ «Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияны және Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы»заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды. Бұл заң жобасы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жіберіледі.

Бюро отырысында депутаттық корпустың заң шығарушылық қызметіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.