Үкіметтің «Жол картасы» бойынша 4 мың 734 жоба жүзеге асатын болады ? Еңбек министрі

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкіметтің «Жол картасы» бойынша 4 мың 734 жоба жүзеге асатын болады.

Үкіметтің «Жол картасы» бойынша 4 мың 734 жоба жүзеге асатын болады ? Еңбек министрі
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиын барысында жұмыспен қамту мәселелері бойынша депутаттар алдында баяндама жасаған министр 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен Өңірлерде халықты жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыруға 140 млрд. теңге бөлінгенін, ал жергілікті бюджеттерден бұған қосымша 51 млрд. теңге көзделгенін атап өтті. «Қазіргі күні Үкімет «Жол картасының» 4 инвестициялық бағыт шеңберіндегі іске асырылатын жобалар тізбесін айқындады. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу жұмыстары қамтылады. Бұл мақсатқа 62,7 млрд. теңге көзделеді және 93,7 мың адам жұмыспен қамтылады. Екінші бағыт ? жол жөндеу саласын қамтиды. Бұған бюджеттен 45,6 млрд. теңге жұмсалып, 47,1 мың адам жұмысқа тартылады. Үшінші бағыт - әлеуметтік нысандарды (мектеп, аурухана салуға) жөндеуге қатысты. Бұндағы қарастырылған қаражат 49 млрд. теңгені құраса, тартылатын адам саны 99,2 мыңға жуық. Төртінші бағыт бойынша қалалық, ауылдық мәдени нысандарды жөндеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа 6 млрд. теңге бөлінеді әрі 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Тұтастай алғанда, аталған 4 бағытта 4 мың 734 жоба іске асырылатын болады», - деді министр Г. Әбдіхақылова.