Үкіметтің «Жол картасы»: оны жүзеге асырудың тетіктері

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат – Бұдан бұрын хабарлағандай, наурыздың 10-ы күні өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде Үкімет мүшелері Дағдарысқа қарсы кеңес құру туралы қаулымен қоса, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жарияланған тапсырмаларды орындау жөніндегі Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарын (жол картасы) қабылдады.
None
None
Елбасы «Дағдарыстан ?дамуға» деп атаған биылғы Жолдауында Үкіметтің алдына халықты еңбекпен қамту мәселелерін шешу және дағдарыстан кейінгі орнықты дамуға жағдай жасау жөніндегі нақты міндеттер қойып отыр. «Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр. Қазірдің өзінде біз қабылдағанның бәрі ? бұл бүгінгі дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу. Мен тоқтап қалмауды, одан әрі жүруді және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын іске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын», - деді Елбасы өз Жолдауында. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жарияланған тапсырмаларды орындау жөніндегі Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспары (жол картасы) Үкіметтің наурыздың 6-сындағы отырысында бекітілгенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Жол картасының негізгі мақсаттары ? аймақтық жұмыспен қамту және кадр даярлау стратегиясын іске асыру, агроөнеркәсіптік кешенді жедел дамыту және «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының екінші бағытын іске қосу, сондай-ақ, индустриялық-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру болып отыр. Наурыздың 10-ы күні өткен Үкімет отырысында осы «Жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралардың жоспары қабылданып, оны жүзеге асырудың тетіктері таныстырылды. Республикалық бюджеттен қарастырылған қаржыландырудың көлемі 140 миллиард теңгеден кем болмайды, ал жергілікті бюджеттердің үлесі жергілікті деңгейдегі шығыстарды оңтайландыру жөніндегі жұмыстар жүргізілгеннен кейін анықталмақ. Стратегияны жүзеге асырудың барысын үйлестіру және мониторингілеу үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдарды, Парламент депутаттарын, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, жұмысмен қамту мәселелері жөніндегі арнайы ведомствоаралық комиссия құрылмақ. Стратегияның жүзеге асырылу барысын жедел мониторингілеп отыру үшін аймақ әкімдерінің төрағалығымен жергілікті деңгейде комиссиялар құрылатын болады. Жұмыспен қамту мен қайта дайындау стратегиясын кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде, әрбір аймақ үшін қаржыландырудың жалпы лимиті анықталады. Қаржыландыру лимиттері әрбір өңірдегі жұмыс орындарының қысқару ықтималдығының көрсеткіштерін бағалау негізінде анықталмақ. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жұмыспен қамтудың картасын әзірлейді. Онда әрбір өңір бойынша төмендегідей мәліметтер болуы керек: - қысқаратын жұмысшылардың ықтимал саны, олардың мамандықтары мен біліктіліктері туралы мәліметтер; - оқу орындары түлектерінің білім деңгейлері мен мамандықтары туралы мәліметтер; - әрбір өңірдің ерекшеліктері мен мамандандыру көрсеткіштері туралы мәліметтер.Осылайша әрбір нақты өңірді қаржыландырудың лимиті 2009 жылы қанша адамның жұмыстан айрылып қалу тәуекеліне жақындығына байланысты. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар жалпы лимит аясында бөлінетін қаржыны Жол картасында анықталған жұмыспен қамтудың нақты бағыттарын қаржыландыруға бөлетін болатын. Аймаққа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу, жолдарды жөндеу, мектептер мен ауруханаларды, басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты жұмыспен қамту жөніндегі бірнеше бағыттары ұсынылады, сондай-ақ қаржыландырудың жалпы лимиті анықталады, ал қаражатты аталған бағыттарға бөлу жұмысы жергілікті деңгейде нақты аймақтың қажеттілігі мен ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылады. Қалалардағы, кенттердегі, ауылдар мен ауылдық округтердегі басымдықты әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жөніндегі бағыттар аясында аудандық мәслихаттар өз басымдықтарын өздері анықтайтын болады, олар клуб немесе кітапхана жөндеу, елді мекенді абаттандыру жұмыстары болуы мүмкін. Жол картасында осындай бастамаларды да қаржыландыру қарастырылып отыр. Кәсіп түрлері бойынша мамандардың қажетті санын және тауарлар мен жұмыстарға, қызмет түрлеріне деген қажеттіліктерді анықтау жөніндегі жұмыстардың негізінде кадрларды дайындау мен қайта дайындаудың жоспары және отандық өндірістерді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді. Сондай-ақ әрбір аймақ үшін жұмыспен қамту және кадрларды қайта дайындау стратегиясын жүзеге асыру тиімділігінің негізгі көрсеткіштері анықталады. Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қабылданған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жөніндегі бірқатар тапсырмалар бергенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Ертең Республикалық бюджеттік комиссияның мәжілісін өткізу жоспарланып отыр. Онда Елбасы Үкіметтің алдына қойған тапсырмалардан туындайтын барлық мәселелер қаралып, қабылданбақ. Наурыздың 17-сінде өтетін Үкімет мәжілісінде 2009 жылғы республикалық бюджетке тиісті өзгертулер қабылдау, сөйтіп ол құжатты Парламенттің қарауына енгізу жоспарлануда.
Соңғы жаңалықтар
Референдум