ҰҚК арнайы операциясы: Ұсталған топ елде жаппай тұрақсыздық орнатпақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков қаңтар айының орта кезінде Алматыда террорлық актілер жасамақ болған топты ұстау оқиғасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін Парламенті Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ҰҚК өкілінен лаңкестіктің елімізге қаншалықты қатер төндіріп тұрғандығын сұраған болатын.

Нұрғали Білісбековтың айтуынша, Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қақтығыс ахуалын ескере отырып, өңірде белгілі бір сын-қатер жағдайы бар.

«Өкінішке қарай, біз халықаралық лаңкестік ұйымдардың мүдделері бар орбитада тұрмыз. Бұған қаңтар айында Алматыда анықталған топты құрықтау фактісі дәлел болып отыр. Оларға Қазақстан аумағында терактілер жасауға нұсқаулар шетелден беріліп келген. Негізгі мақсаттары - ахуалды тұрақсыздандырып, тәртіпсіздік жағдайын тудыру», - деді Н. Білісбеков.

Оның сөзіне қарағанда, егерде осыған дейін қақтығыстар ашық түрде ұйымдастырылса, қазіргі кезде халықаралық лаңкестік ұйымдар қақтығыс аймақтарында партизандық соғыз жүргізуге машықтанып келеді. Бұл тұрғыда террористер барша әлемде террорлық актілерді қайта жандандыру әркеттеріне талпынуда.

«Өкінішке қарай, бұған дейін ел аумағынан шығып кеткен біздің азаматтарымыз қақтығыс аймақтарында жүр. Біз олардың жүрген жерлерін барынша бақылауға тырысудамыз», - деді Нұрғали Білісбеков.

Осы орайда ол Қазақстан азаматтары Сириядан эвакуациялау шарасы жүргізілгенін еске салды.

ҚР ҰҚК төрағасы орынбасарының атап өтуінше, бүгінде қақтығыс аймақтарында 300-ден астам қазақстандық байқалған, оның ішінде 100-ге жуығы содырлар қатарында.

Бұған дейін хабарланғандай, 10 қаңтарда Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген арнайы операция нәтижесінде террористік актілер жасауға дайындалған деген күдікпен Орта Азия елдерінің азаматтарынан құралған топ мүшелері ұсталды.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар