ҰҚК Шекара қызметінің барлық бөлімшелері бір жыл бұрын Шымкент түбінде қайғылы қазаға ұшыраған әріптестерін еске алды
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің барлық бөлімшелерінде, бірлестіктері мен құралымдарында шекара сақшылары осыдан бір жыл бұрын Шымкент қаласының түбінде қайғылы қазаға ұшыраған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарланды.
«Әскери достарымыз бен командирлерімізден, әкелеріміз бен аналарымыздан, ұлдарымыз бен қыздарымыздан айырылған қайғылы оқиғаға бүгін тура бір жыл толып отыр, - деді өз сөзінде Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов, - олардың өздері жоқ болғанымен олардың жарқын бейнелері біздің жүрегімізде, әрбір қазақстандық шекарашылардың жадында мәңгілікке сақталатын болады».