Үкімет 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 110 салықтық жеңілдікті алып тастамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 110 салықтық жеңілдікті алып тастамақ. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

«Келесі міндет – салық жеңілдіктерін ретке келтіру және олардың көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту. 2022 жылғы салық декларацияларының деректері бойынша олардың сомасы 744 норма бойынша 9,5 трлн теңге болды. Біз сараптама жүргіздік. Оның ішінде 459 норма 3,3 трлн теңге сомаға жеңілдіктер ретінде анықталды. Осы 459 нормадан 1 300 млрд теңгеден астам сомаға 110 салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады. Бұдан басқа, 400 млрд теңгеден астам сомаға 29 салық жеңілдіктері бойынша қолданылу мерзімі шектелетін болады», - деді вице-министр.
Оның дерегінше, өткен жылдары салық есептілігінің нысандары барынша жеңілдетілді. Бұл есеп жүргізуге қиындық тудырды. Енді жеңілдік міндетті түрде салық есептілігі нысандарында көрсетіледі. Бұдан басқа, тиісті салалық мемлекеттік органдарға тиімділік көрсеткіштерінің мониторингі бойынша міндеттемелерді бекіту ұсынылады.
«Сондай-ақ, жүйелі шаралар ретінде салықтық жеңілдіктер ұғымын нақты регламенттеу, оларды беру тәртібі, мониторинг, талдау, оларды алып тастау тәртібі ұсынылады. Мұның бәрі заңға тәуелді актілермен реттелетін болады», - деді Азамат Әмрин.