Үкімет 2026 жылы шағын бизнеске салықтық жеңілдіктерді жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын 2026 жылы да жалғастырады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, шешім макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық реформалардың кәсіпкерлік белсенділікке ықпалын азайту және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қабылданған.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес үшін шартты түрде «таза парақ» тетігі енгізілген болатын. Бұл тетік салықтық әкімшілендіруде икемді әрі ынталандырушы тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берді.
Аталған жүйе аясында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салықтық міндеттемелер бойынша микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты камералдық бақылау, салықтық тексеру, әкімшілік іс жүргізу және сот арқылы өндіріп алу шаралары жекелеген жағдайларда қолданылмаған.
Комитеттің мәліметінше, қабылданған шаралар нақты нәтиже берген.
– Қазіргі уақытта микро және шағын кәсіпкерліктің 19 мың субъектісі жалпы көлемі 13 млрд теңге болатын негізгі салық берешегін өтеді. Нәтижесінде 4,4 млрд теңге өсімпұл және 4,9 млрд теңге айыппұл есептен шығарылды, – делінген хабарламада.
Үкімет 2026 жылы да бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастырмақ.
Атап айтқанда, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қосылған құн салығына қатысты бірқатар құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Бұл жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмей жүзеге асырылған айналым көлемі белгіленген шекті мөлшерден аспаған жағдайларға қатысты болады.
Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 269-бабының үшінші бөлігі мен 275-бабының бесінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтар бойынша, егер кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органдарының ҚҚС бойынша тіркеу туралы хабарламасындағы талаптарды толық орындаса, әкімшілік жауапкершілік қолданылмайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті қабылданып жатқан шешімдер мемлекет пен бизнес арасындағы сенім мен әріптестікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы секторында салық ережелері жаңартылып, бірқатар жеңілдік қарастырылатыны хабарланды.