Үкімет агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін жаңа тәсілдер енгізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша тиісті құжат бекітілді.  

үкімет
Фото: ҚР Үкіметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа деңгейіне шығару және жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.

Осы мақсатта агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағыты бойынша шаралар қарастырылған Жол картасы әзірленді.

Мәселен, республикада егіс алқаптарын әртараптандыру жандандырылады, бұл ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтады және жоғары рентабельді өсімдіктер, мысалы, майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттырады.

Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасын қарқынды жаңарту жоспарланған.

Сондай-ақ Жол картасына ірі және ұсақ мал басын көбейтуге, ет пен астық өңдеуді арттыруға, сүт-тауарлы фермаларды және басқа да нысандарды іске қосуға бағытталған шаралар да енгізілген.

Жол картасын жүзеге асыру агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімін 2028 жылға қарай 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министр алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау қажет екенін баса айтты.

«Әкімдіктер мен министрліктер тарапынан аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге тұрақты бақылау орнату қажет. Бүгінде біз жұмысымызда жаңа тәсілдер қабылдап жатырмыз. Облыс әкімдіктері Жол картасында көзделген өз көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін жеке жауапкершілік артылады», — деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар