Үкімет алдағы 3 жылда Ұлттық қордан 6 трлн теңге алмақшы

Ұлттық қор
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қордан алдағы 3 жылда республикалық бюджетке алынатын трансферттің көлемін айқындайтын заң жобасы ашық талқылауға шығарылды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мынадай мөлшерлері бекітілсін:

2025 жыл – 2 000 000 000 мың теңге;

2026 жыл – 2 000 000 000 мың теңге;

2027 жыл – 2 000 000 000 мың теңге», - деп жазылған құжатта.

Заң жобасында трансферттің бұл мөлшері алдағы үш жылдағы мұнайдың халықаралық нарықтағы болжамды бағасына сәйкес есептелгені айтылған.

«Ұлттық қорға мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдер бойынша мұнайдың 2025-2027 жылдарға арналған кесімді бағасының мынадай мөлшерлері белгіленсін:

2025 жыл – бір баррель үшін 42,3 АҚШ доллары;

2026 жыл – бір баррель үшін 41,0 АҚШ доллары;

2027 жыл – бір баррель үшін 39,4 АҚШ доллары», - делінген заң жобасында.

Құжат 16 шілдеге дейін ашық талқылауда болып, кейін Мәжіліске жолданады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің осы құжат туралы Мәжіліске дайындаған түсіндірме жазбасында Ұлттық қордан алдағы 3 жылда алынатын трансферттер мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға болжанатын түсімдердің көлемінен аспайтыны айтылған.

«Кесімді баға кезінде мұнай секторы ұйымдарынан Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер 2025 жылы 2 277,0 млрд теңге, 2026 жылы 2 276,8 млрд теңге, 2027 жылы 2 277,0 млрд теңге мөлшерінде болжанады», - деп жазады О.Бектенов.

Соңғы жаңалықтар