Үкімет алимент қорын құрудан бас тартып отыр - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов сот орындаушылардың қызметін жетілдіруге арналған Үкімет сағатында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың сұрақтарға айтқан уәжіне түзету енгізді.

- Біз өзге елдердің тәжірибесі бойынша Мемлекеттік алимент қорын құруды ұсындық. Бірақ бұл идеяны Үкімет қолдамай отыр және бүгінгі күнге дейін іске асырмай келеді. Бұл жерде Әділет министрінің уәжін түзете кеткім келеді. Ондай қор құру бюджетке салмақ түсірмейді. Өйткені қорға салынатын ақша салыққа жатпайтын түсімдерден алынады. Екіншіден, алимент қоры жатыпішерлік пиғылдар туындатпайды. Өйткені мемлекет алимент борышы бар азаматтан берешекті кешіктіріп болса да қазынаға өндіріп алады, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, мемлекет, керісінше, қазіргі жағдайда алимент өндіру ісін қарауға жүйелі түрде қомақты сома төлеп отыр.
- Оның сыртында кірісі бар борышкерлерден тоқсан сайын 1 айлық есептік көрсеткіш (3932 теңге – ред.) көлемінде қосымша төлем алынып отыр. Осының аясында мұндай шығындарды ескере отырып, мемлекет әлі күнге дейін алимент қорын құрудан неге бас тартып отырғаны таң қалдырады. Өйткені, бұл қаражаттың бір бөлігін осындай қорға қайта бөлу қисынды және тиімді болар еді - бұл балаларға тұрақты және уақытылы төлемдерді қамтамасыз етеді. Бюджетті ұтымды және ойластырылған жоспарлау - бұл туралы біз Үкіметке үнемі айтып келе жатырмыз, - деді Магеррам Магеррамов.
Осы жиында шағын несиесін өтемеген азаматтардың 2,5 млн құжаты жеке сот орындаушылардың қолында жүргені мәлім болды.