Үкімет басшысы машина өндірісі туралы: Экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуы керек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық зауыттар әлемдік стандарттарға сай келетін өнімдер шығара алады. Отандық аккумуляторлар, трансформаторлар мен кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустар – осының айқын мысалы. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты. 

Үкімет отырысы
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Премьердің айтуынша, соңғы 5 жылда машина жасау үш есеге өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 4 трлн теңгеден асты.

«Былтыр машина жасау саласына шамамен 621 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бүгінде Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады. Оның шамамен 16% ғана отандық өндіріс үлесіне тиесілі. Сондықтан бұл саланың өсу әлеуеті өте жоғары. Экспортты дамытуда да мүмкіндіктер бар», - деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр өңірлердегі көптеген машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысқанын атап өтті.

«Біздің зауыттар әлемдік стандарттарға сай келетін өнімдер шығара алады. Отандық аккумуляторлар, трансформаторлар мен кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустар – осының айқын мысалы. Аталған өнімдер сыртқы нарықтарға да шығып жатыр. Біз қай кезде де өзіміздің отандық өндірушілерді қолдаймыз. Бұл ретте экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс. Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет», - деді Олжас Бектенов.

Бүгінде Еуразиялық одақ нарығында машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі орта есеппен 141 млрд долларға бағаланып отыр.

«Осы нарықтағы үлесімізді одан әрі ұлғайтуымыз керек. Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды. Қазір бүкіл әлем цифрлық технологияларды, өндірістік процестерді роботтандыру мен автоматтандыруды белсенді түрде енгізіп жатыр. Әлемдік трендтерден қалып қоймау үшін кәсіпорындар жаңа технологияларды қолдануға тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 9 айда елдегі кәсіпорындар 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, 9 айда елде 5 мыңнан астам трактор мен комбайн құрастырылған.

 

Соңғы жаңалықтар